Ақ некесі қиылып, күйеуге тиген әрбір әйелдің мойнына мынадай парыз түседі:
- Ерін сыйлап құрметтеу, отбасының ашына айналып, тоғынау толғану, күйеуінің рұқсатынсыз орынсыз қыдырмау, басқалардың үйіне қонбау.
- Барына қанағат қылу, бір түйір дән, бір салым тұз болса да төкпей- шашпай пайдаланып, көрпеге қарай көсілу, үнемшіл, ұқыпты болу.
- Отбасына тыныштық, береке –бірлік орнатып, бастың амандығын, деннің саулығын тілеу. Үйді таза ұстау
- Күйеуінің артық-кем істеріне кешіріммен қарау, қыңыр қылық, теріс әрекеті болса,жұмсақ мінез, жағымды күлкі, риясыз адамгершілігі арқылы жөнге салып отыру, әрқашан беттен алып, төске шашпау.
- Бойына бала біткен күннен бастап, неғұрлым тежемді болып, іштегі перзентінің дені сау, ес-ақылы дұрыс, ата-анаға мейірлі болуын тілеу.
- Бойын, ойын жаман мінез, жат қылықтан таза ұстау. Перзентін адал еңбек, ащы терімен асырау. Арам, лас табыспен ауыздандырмау.
- Дене мүшелерін таза, пәк ұстау, үнемі жуынып, таранып, таза ретті жүру.
- Ары, қолы, ниеті таза болу, адал кәсіппен шұғылдану, отбасына арам олжа, лас дүние-мүлік кіргізбеу.
- Бала –шағасын аш -жалаңаш қалдырмау,өзгелерге қорлатпау, жәбірлетпеу. Ана тіліне қандырып, адамгершіліктің ақ жолымен тәрбиелеу, түрлі өнерімен үлгі –тағылымнан мақрұм қалдырмау.
- Күйеуінің ретті, таза жүруіне жауапты болу. Кірін жуып, киімін жамап, тамағын уақытында әзірлеп беріп, бұйырған жұмысына әзір тұру.
Аталған тәрбие келіннің отбасына, күйеуіне, ұрпағына, ата-енесіне, сондай-ақ, өзі келін болып түскен ауылына деген жауапкершілік және борыштық сезімін жоғарылатып, туыстық, жақындық, жанашырлық сүйіспеншілігін тереңдетеді әрі көпшіл, ұқыпты, үнемшіл, жомарт, ақылды болуға баулиды.
Қорыта келгенде, бұл тәрбиенің келіндерге, сондай-ақ, бүкіл әйелдер қауымына берер тәлім-тәрбиелік ролі мен ғылыми мән-мағынасы өте жоғары.