Табақ тарту салт-дәстүрі және оның ережелері

Келін болып түскеннен кейін үйге қонақ келмей тұрмайды. Үйде енеңіз болса, онда сізге бұл іс өте оңай болады. Ал енеңіз болмаса, онда сізге табақ тартуды үйреніп алған дұрыс болады. Жалпы, табақ тартуды білген жөн. Бүгін «Табақ тарта білесіз бе?» деген тақырыпты ұсынып отырмыз.

Бүгінгі жас — ертеңгі отау иесі. Сыйлы қонақты төріне шығарар отағасы, абзал ана. Сондықтан, әрбіріміз қазақтың сыйлы кісісіне тартылар табақта қандай мүшелердің жүруін білуіміз керек.

Ең алдымен ет асқанда жіліктен бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақасыға көбінесе қой сойылады. Қой еті жіліктегенде он үш мүшеге бөлінеді. Олар:

  • Екі жамбас;
  • Екі ортан жілік;
  • Екі асықты жілік;
  • Бір бел омыртқа;
  • Екі сүбе, сондай-ақ қабырға;
  • Төс;
  • Бір омыртқа;
  • Екі жауырын;
  • Екі тоқпан жілік;
  • Бір бұғана;
  • Бір мойын.

Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қарта, жал-жаяны табаққа бірге салып береді.

Бас

Басты үйітіп, жылы суға жуып, мұқият тазартады. Сонымен бірге жағын айырып, тазалап жуады. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсірігінен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі.

Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп. Дегенмен негізгі түрлерін біле жүрген дұрыс. Олар: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.

Бас табақ

Бас табақ жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая.

Қос табақ

Қос табақ — құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Оның қос табақ деп аталатын себебі, құда-құдағиға көпшілікпен бірге ұсынылған қонақасының үстіне қосымша тартылатындығы. Қостабақтың кәделі мүшесі — тоқпан жілік.

Сый табақ

Сый табақ— құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый құрметке ие адамдарға арнайы тартылатын табақ. Бас, жамбас, ортан жілік немесе кәрі жілік, жауырын, арқа, белдеме, қабырға, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе (бұлар жамбасқа қосылып салынатын сыбағалар). (Жылқы, қой, сиыр еті).

Жастар табағы

Жастар табағы — оның ең кәделі мүшелері — асықты жілік пен төс. Асықты жілік әдетте күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Күйеуге әлбетте төс тартылады.

Жай табақ

Жай табақ — ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік пен қабырға омыртқа салынады.

Төре табақ

Төре табақ – бұған қойдың он екі мүшесі толық салынады. Бас, жамбас, кәрі жілік, жаурын, екі белдеме, екі арқа, сүбе (екеу), қабырға (екеу), жұмыр, тоқ ішек, аш ішек, қарын, бір не екі сирақ салынады.

Құда табақ

Құда табақ – бас, жамбас, қазы-қарта, құйрық-бауыр (жылқы, қой, сиыр еті).

Құдағи табақ – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік (жылқы, сиыр, қой еті).

Жеңге табақ – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын, омыртқа, қазы-қарта, құйрық, өкпе, ұлтабар.

Беташар табақ – сүбе, төс, қарын, аш ішек, құйымшақ, мойын омыртқа.

Күйеу табақ – төс, тоқпақ (тоқпаш) жілік, қабырға, омыртқа еті, жылқы қазысы, қарта, жауырын (қой еті).

Қыз табақ – құймышақ, тоқпақ (тоқпаш) жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға (жылқы, сиыр, қой еті).

Құрдас табақ – тоқпақ жілік, омыртқа, сүбе қабырға, құйрық.

Бала табақ – бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік.

Ал сыбаға — әдетте әр жылғы соғымнан жолы үлкен, жасы үлкен адамдар сөзсіз бір жілік жеуі. «Сыбағаңды жеп кет« деген сөз жолы үлкен адамдарға айтылады.

Ал әйел адамдар немере, шөбере көріп, алпысты алқымдамаса, бас тартылмайды.

Міне, осылардың ішінде әр сүйек, әр сыбағаның өзіндік ерекшеліктері болады.

Аталған табақ тарту түрлері Қазақ елінің кең-байтақ д

аласының әр түкпірінде әр жолмен, әр қосымшасымен тартылуы, ұқсамауы мүмкін. Тіпті, ет турау әдісі де әр өңірде әр түрлі болып келеді.

Leave a Comment