Келін түсіп «құтты болсын»айта келген адамдардың аяғы саябырлай бастағанда, жігіт ауылындағы туыс-туған, көрші-қоландары келінге өздерінің от жаққан жерін көрсетіп, үлкен-кіші бала — шағаларымен таныстырып, бұдан кейін барып — келіп, алып — беріп тұруына қолайлы болу үшін, бірінен соң бірі қонаққа шақырады. Міне, бұл «келінді отқа шақыру » деп аталады.
Отқа шақырған үйлерге келінді қайын сіңлілерін не жарын ертіп барады, әрі келінге шақырған үйдің жолы, барыс — келіс, алыс — беріс жағдайына қарай енесі «мынаны ілуге сал»деп (кей жерде «отына сал дейді») ең кішісі орамалдан тартып, кілем, сусар, құндыз, түлкіішікке дейін апарып салдырады.
Жаңа түскен келінді отқа шақыру-жігіттің туыс-туғандарының жас келінге көрсеткен сый — құрметі, сондай- ақ, туыстық жақындықтарын білдіруі, барыс- келіс, алыс- берісіміз үзілмесін деген ізгі ниеттері.
Отқа шақыру жаңа түскен келіннің жігіт туыстарына деген құрмет сезімін арттырып, туыстық, жақындық сүйіспеншілігін тереңдетеді. Сондай- ақ, жас келінді әдепті, ибалы, қонақшыл, бауырмал болуға баулиды. Жақын адамдар алдында борыштық және жауапкершілік сезімін оятып, адамдар арасындағы қарым — қатынасы мен қоғамдық өрісін кеңейтіп, досын көбейтіп, жас келіннің көңілін көтеріп, рухын серпілтеді. Жатырқау, жабығу сезімдерінен арылтып, сау — сәлемет өмір сүруіне мүмкіндік жасайды.