Қазақ салт-дәстүрін өте берік ұстаған халықтардың бірі. Сондықтан әр туыспен әр кімнің өз қарым -қатынасы бар. Келіннің тұрмысқа шыққан үйіне сыйын ең алдымен атасына деген қарым-қатынасынан көрсетуден бастаған. Келіннің атасы- ол үйдің иесі де киесі де. Келін ешқашан атасының атын атамаған тіпті елінің атын атамаған. Қай жерге келін болып түскенін айту үшін шыққан жерінің елінің атын тергеп айтқан. Мысалы: «Алжан еліне келін болса, Батыр ата елінің келінімін» деп өздерін танытқан. Ал аталарының атында басқалай атап, немесе жолдасының атын атап қай жерге шыққанын жеткізген. Егер атасының атымен аттас қайнылары болса «ат теріс» деп ол қайныларының да атын атамаған.
Келін ең алғаш келін болып босаға аттаған кезде ең алдымен атаға сәлем салады. Қазақ салтында, ақ босаға аттаған келін қайын аталарына өз әкесіндей, тіпті одан да артық құрмет көрсетіп, барлық қызметіне әзір тұрады. Әдепті, ибалы болып, қайын атасымен әке-балалық қарым-қатынаста болады. Қашанда әдеп сақтап, атасы әңгімеге тартпаса сөзіне орынсыз қыстырылмайды. Келсе келмес бейпіл сөйлеп, орынсыз жыртақтап күлмейді. Кірін жуып, тамағын әзірлеп, дәрет суын дайындап, әрқашан «аталап» қиылып тұрады. Алайда, есті, білімді, іскер, тәрбиелі келіндер «әзілің жарасса атаңмен ойна» деген халық даналығын шебер пайдаланып, отбасында ата-енелеріне еркелеп жарасымды әзіл-қалжың айтып құдды әкелі-балалы адамдардай сыйласып, сырласып өтеді.
Қазақ халқының кісілік қарым-қатынас салтында, келіннің білерменсіп ата сөзіне орынсыз араласып, бетінен алып, бейберекет жүріп, тіл және қол тигізу, атасының алдында баласының бетінен шалпылдатып сүйіп «балам» деп еміреніп, омырауын көрсетіп отырып емізуі немесе бақырып-шақырып баласын төпештеуі, күйеуі және басқа отбасы мүшелерімен шармаяқтасуы, жалаңаяқ, жалаң-бас ашық-шашық жүруі, атасыының атын атап «сен» деп анайы сөйлеуі, айтқан тәлән алмауы, орнынан тұрып сәлем жасамауы сияқты қылықтардың барлығы көргенсіздік, тәрбиесіздік, тексіздік, арсыздық деп есептеледі.
Қазақта келін түсіріп, ата болған адам балаша қуанып, келіндерін қызындай, тіпті, кейбір ибалы, әдепті, тәрбиелі, білімді, ақылды келіндерін өзінің туған қыздарынан артық көреді. Әрқашан келіндерімен әкелік тұрғыда қарым-қатынас жасап, әрқандай жағдайда да келініне тіл және қол тигізбейді. Атаның келінге қол тигізуі арсыздық болып саналады. Сондықтан да ата болған барлық адам келініне айтарын сын-ұсыныс, ақыл кеңес ретінде айтып, келіні алдында ата-балалық қарым қатынасқа жат жаман қылықтардан аулақ болады.