Жұмысқа орналасуда ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктері бірдей, бірақ әйелдердің еңбегі төмен бағаланады

0
794
Жұмысқа орналасуда ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктері

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жанындағы «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықардың гендерлік теңдік жайлы қандай пікірде екендігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан 16 жастан асқан 1624 адам қатысты. Олардың  75%-ы әйелдер және 25%-ы ер азаматтар.

Сұрақ қою әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Сауалнама 2014 жылы 12-22 қыркүйек аралығында жүргізілді.

2625-zwy1zjdhymjloq

Сауалнама қатысушыларының басым бөлігі (69%) жұмысқа орналасқанда әйелдердердің құқықтары мен бостандықтары ер азаматтармен тең дәрежеде сақталады деп есептейді. Респонденттердің 21%-ы бұл пікірмен келіспейді. Олардың ойынша, жұмысқа орналасуда ер азаматтардың әйелдерге қарағанда мүмкіндіктері көп. Қалған 10%-ы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

Сұрақтарға жауап берген қазақстандықтардың 40%-ы елімізде әйелдер еңбегі ерлерге қарағанда төмен бағаланады дейді. Тек 13% респонденттердің ойынша, әйелдер ерлерге қарағанда көп табыс табады. Ал, 35%-ы әйелдер мен ер азаматтардың еңбегі теңдей бағаланады, яғни бірдей табыс табады деген жауапты таңдады.

Респонденттердің жартысынан көбі (52%) Қазақстанның саяси өмірінде ерлер мен әйелдердің үлесі теңдей деп жауап берді. Яғни, олар саясатта ерлер мен әйелдердің құқықтары, мүмкіндіктері теңдей деп ойлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіндегі әр төртінші депутат әйел адам. Ал Парламент Сенатындағы депутаттардың 6,4%-ы ғана әйелдер. Респонденттердің үштен бір бөлігі саяси мансап жасауда ер азаматтар басымдыққа ие деп ойлайды. Ал,  17%-ы бұл тақырыптан хабарсыз екен.

Сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (49%) ерлер мен әйелдердің құқықтары мен бостандықтары тең дәрежеде сақталуы үшін гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтары мен бостандықтары бойынша халықтың білім деңгейін көтеру қажет деп есептейді. Құқықтары бұзылған жағдайда сот арқылы өз құқықтарын корғауы керек деген жауапты 19%-ы таңдады. Ал, 17%-ы гендерлік теңдікті сақатамағаны үшін, яғни заң талабын орындамағаны үшін тартар жазаны күшейту керек деп есептейді. Ал, қалған 15%  респонденттер әйелдердің құқықтары бұзылған жағдайда БАҚ немесе қоғамдық ұйымдар арқылы жария ету керек деген пікірді ұстанады.

Global Gender Gap мәліметінше, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 135 ел арасында 32-орынды алады екен.

 Жоба жайлы:

DEMOSCOPE өзекті мәселелер бойынша Қазақстан азаматтарының ой-пікірін жедел анықтауға бағытталған жоба. Сауалнамалар тұрақты түрде, 7-15 күн аралығында, телефон арқылы (Қазақстан Республикасының халқы көп шоғырланған аймақтарында) және Интернетте жүргізіледі. Сауалнама тақырыптары  БАҚ пен әлеуметтік желілерге жасалатын мониторинг қорытындысы негізінде таңдалады.

Сонымен қатар, demos.kz  сайтында кез-келген интернет қолданушы сауалнама тақырыбын ұсына алады. DEMOSCOPE ой-пікірді анықтауға арналған құрал ғана емес, халықтың өзекті мәселелер бойынша көзқарасын білдіруіне жасалған қарапайым мүмкіндік.

Сауалнама нәтижесі баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және 1-2 күн ішінде БАҚ редакцияларына жолданады. Жоба Конрад Аденауэр атындағы қордың демеушілігімен жүзеге асырылады.

Сауалнама қорытындысы Конрад Аденауэр атындағы қордың және «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының жеке пікірін білдірмейді. Тек сауалнамаға қатысқан барлық Қазақстан азаматтарының көзқарасын жариялайды.     

Қосымша ақпарат үшін:

Дильнара Джалилова, jalilova.dilnara@gmail.com,  +7 (727) 272 45 33

Сәния Әбдіғапар, abdigapar.sanyia@gmail.com,  +7 (727) 261 66 69

Айгерим Сакенова, ai.sakenova@gmail.com, +7 (727) 261 66 69

Пікір жоқ

Пікір қосу