Тойбастар туралы не білесіз?

3
3411
той бастар

Адам өміріндегі ең қызық, әрі ұмытылмас сәттердің бірі – үйлену тойы. Халқымызда қыз ұзату, үйлену тойына қатысты жоралғылар өте көп. Соның бірі, той кезінде айтылатын тойбастар жыры. Кезінде тойдың сәні тойбастарды әнші жігіт не қыз бастаған болса, бүгінде көбінесе апа-әжелер бастайтыны баршамызға белгілі.

Қазақтың қыз ұзату тойы той иесінің әл-ауқатына қарай жұрттың жиналуы жағынан бірдей болып келмейді. Ол – табиғи нәрсе. Бірақ, тойдың көпшілігіне тән, салтқа айналған бір әдет той асы, қонақ асы біткеннен кейін әр түрлі қызықтар (ат шабу, палуанға түсу т.б.) көрсету үшін, ең әуелі тойдың ойыны басталатынын хабарлау керек. Тойшы қауым қызық үшін келеді. «Тойға барсаң тойып бар, жұмысыңды қойып бар», – деген мәтел де осыдан шыққан болуға тиіс. Сол қызықтың әуелгі беташары – тойбастар жыры. Атының өзі тойды бастаудан шыққанын көрсетіп тұр:
Мәселен, тойды:

Әдетім той бастайтын әуел баста,
Сұлу сөз жарасады қарындасқа.
Шабытым көкірегіме жел берген соң,
Бұл тойды кім бастайды бізден басқа, – деп «ала құйын желі бар» ақын жігіт бастайды.
Той бастардың негізгі мазмұны – тойдың салтын дәріптеу, той иесі қызды мақтау, той жасаушылардың жақсы тілеуіне үн қосу.

Құтты болсын тойыңыз, той иесі,
Той есесін тәңірім толтырады.
Құтты болсын айтамыз тойыңызға,
Той иесі, тойыңыз тойға ұлассын!..

Тойбастар жырының түрлері көп. Бірақ, айтайын деген пікірі осы үзіндіден алшақ кетпейді. Тойбастар жырының көбісі ақ бата берумен, жақсы тілекпен аяқталады. Қыздың ұзатылып барған жерінде бақытты болуына, бейнет көрмей өмір сүруіне елдің тілектестігін білдіреді.

Бүрынғы кездері тойбастар жырында кір жуып, кіндік кескен жерін, ел-жұртын, алтын ұясын тастап кету қызға да, әлпештеп өсірген өз баласын басқаға беріп жіберу ата-ана мен ағайын-туғанға да оңай еместігі былай өрнектелген:

Егіліп сен жылайсың: «Елім-ай!» – деп,
«Құрбылас, ойнап-күлген теңім-ай!», – деп.

Сонымен қатар, той бастар жырында ұзатылып бара жатқан қызға: «Жарқыным, кетемін деп көп қайғырма. Бұрынғы қалған жолы ата-анадан», «Шырағым, жыласаң да уанарсың, Ақша отау шетке тіксе қуанарсың», – деп жұбату айтады. Мұндай жырлардан біз елдің өткендегі салтын, әдет-ғұрпын танып, білуге болады.

P.S. Қазіргі таңда өміріміздің жаңа дәстүріне орай тойбастар жырының мазмұны да жаңарды. Халықтың ерте заманнан келе жатқан бұл салт жыры бүгінгі шат-шадыман заманымызда отау құрған жас жұбайлардың үйлену тойында айтылады. Жаңарған тойбастар жыры тойға жиналған көпті думанды қызыққа шақырады. Той бастаушы:
Шырқа әнге шалықта,
Би дегенде жалықпа, – деп қызық көркін қыздыра түседі. Мұнда бұрынғы тойбастардай жұбату жоқ. Жастардың тойын көңілді де қызықты қткізейік деген тілек, ниет қана бар. Ендеше, халқымызда той көбейе берсін, тойдан тойға жете берейік!

НАЗИРА Бурханова, ақпарат ел.кз сайтынан алынды

3 Пікір

  1. «Тойбастар» деген тұтас бiр дәстүр ғой! Тойбастарға кешiккiм келмейдi… Мәлiметке рақмет!

  2. Мен сабаққа керек болғасын ізденіп едім тойбастар жырлары туралы керемет мәліметтер шыға келді.Қысқа сөзбен Неке.кз ұжымы сіздерге көп көп рахмет!!!

Пікір қосу