Той залын таңдау

1
1614

Той жасайтын кезде ең маңызды орында той залы тұрады. Себебі бар қуаныш сонда өтетін болғандықтан оны таңдау да өте маңызды. Ресторан, кафе, той залын таңдасаңызда, төменде жазылған кеңесті ескере жүріңіз. Той залын таңдау өте ұқыптылықты қажет етеді.

Ең бірінші ескеретін нәрсе, ол той залына тапсырыс беретін уақыт. Той күнін белгілі болған күні барып алдын-ала бір-екі ай бұрын той залына тапсырыс беру керек. Тойлар мезгілі кезінде той жасайтын болсаңыз одан да ертерек беруге тура келеді, әйтпесе өзіңіз қалаған той залы бос емес болуы мүмкін…

Алдымен тойға келетін қонақтар тізімін жасап алыңыз, той залына тапсырыс берер де міндетті түрде адам санын білу керек. Сонан кейін қандай той залы керек соны ойлаңыз. Той залы әдемі, кең, ыңғайлы болуы керек. Той залын таңдаған кезде, әр нәрсеге назар аударыңыз: жастар отыратын орын, музыканттар орны, би алаңы, әңгіме -дүкен құрып отыратын орындар, көлік тұрағы, ер адамдардың темекі тартатын орындары, жан-жағының тазалығы,  тіпті дәретханаға да назар аударыңыз. Себебі, қазақтың тойы үлкен кісілерсіз өтпейтінін ескеріңіз.

той залын таңдау

Той залының орналасқан жері де өте маңызды. Тойдың басталуы мен өтуі сияқты қонақтардың қайтуында ойлаңыз. Олар той біткесін қиналмай қайтуын қамтамасыз етіңіз.

Кейбір той залдары екі- үш тойды бірге өткізетін мүмкіндіктеге ие. Соны да ескеріңіз, сіздің тойыңызда басқа адамдардың сабылып жүргенін қаламайтын шығарсыз.

Той залының жан-жағын қарап алғасын, ас мәзіріне назар аударыңыз. Ас мәзірі- ол тойдың басты көрсеткіші. Қазақтың тойында дастарханға сын өте көп айтылады, сондықтан бәрі өте жоғарғы дәреже де болуы керек. Олар ұсынған әр тамақтың құрамына мән беріңіз. Салаттарда, тіске басарларда шошқа еті болмауын талап етіңіз.

Әр той залы  той жасаушыға 2 мәзір ұсынады. Олардың бағасы мен сол бағаға кіретін ас мәзірі болады.

1. Стандартты мәзір: оған 3-5 салат, бір немесе екі ыстық тамақ, 2 тіске басар (қазы-қарта, орыс тіске басары, балық жиынтығы), шай, бауырсақ, нан, бешбармақтың қамырын пісіріп беру кіреді. Көп той залдары салатты көп берсеңіз тортты сыйға тартады.

2. Бәрі ішінде. Бәрі ішінденің аты айтып тұрғандай бұған бәрі кіреді: тамақ, сусындар, спиртті сусындар, бешпармақтың еті мен қамыры, салаттар, тіске басарлар, бауырсақ, шәй, тәттілер (печенье мен коньфет, чак-чак), жемістер, торт бәрі кіреді. Бұл жерде сіз тек тойбастарыңызды ғана алып келетін боласыз. Бірақ бұның бағасы алдыңғы бағадан екі есе жоғары болуы мүмкін.

Стандартты нұсқаның таңдаудағы артықшылығы, өзіңіз қалаған сусындар мен спиртті сусын түрлерін ала аласыз және қымыз, шұбатты қосып құюыңызға болады. Ал тәттілердің ең сапалылары мен үлкен ассортиментін ала аласыз. Етті де сенімді жерден алып, оны сүйегімен тарта аласыз. Ең артықшылығы той залын ұсынған ақшадан шығын аз кетуі мүмкін. Осы нұсқаны таңдайтын болсаңыз, той залының менеджерінен адам санына қарай қанша сусын, қанша спиртті сусындар, қанша тәтті керектігін есептетіп алыңыз.

Кемшілігі: өзіңіз алғандықтан базарға бару мен уақыттың көп керектігі.

Ал екінші нұсқаның артықшылығы көп нәрсеге басыңыз ауырмайды, әдемі киініп тойға келесіз.  

Кемшілігі: ол жерде қандай сусын, қандай спиртті сусындар, қандай тәттілер болатынын нақтылап алмасаңыз сізді алдап арзан, сапасыз заттар ұсынуы мүмкін. Мысалы, арзан спиртті сусындар мен сусындар. Тәттілердің бір-екі түрі ғана және еттің кәрі малдыкы болып шығуы да мүмкін.

Сонымен той залын таңдауда басты назар аударатын мәселелер: 

Той залы қайда орналасқан?

  • қонақтардың табуына оңай ма
  • көлік  қоятын жер қалай және ол жерде күзет бар ма?
  • Той залының сыртқы бейнесі қандай, жан-жағы таза ма, жарық па?

Той залының іші қандай?

  • ішінің интерьері қандай, залдың безендірілуі қандай
  • Даяшыларына мән бере қараңыз, олар өз қызметтерін қалай атқаратыны өте маңызды

Той залының менеджері сізбен қалай қарым-қатынас жасап тұр?

  • сіздің айтқан бар талаптарыңызға қалай қабылдады, оған сенуге бола ма
  • Барлық жағдайды ашып айтып тұр ма, әлде көп нәрсеге мән бермей отыр ма

Ең сенімді тексеру әдісі:

  • Өзіңіздің тойыңыз болмас бұрын, бір той болып жатқан кезде той залын келіп көріп қайтыңыз. Стол үстін қалай дайындап жатқанын бақылау, ас мәзірінің сыртқы безендірілуіне мән беріңіз және даяшылар өзің қалай ұстайтынын  бақылаңыз

Егер, тойға ойлағаныңыздан көп адам келіп жатса қосымша стол дайындау мүмкіндігінде ойлаңыз, егер солай болса оны да ескертіп қойыңыз. Той залына тапсырыс бергесін, бар шығынды төлеп тастауға асықпаңыз. Алдын ала белгілі бір пайызын беріп, қалғанын той өткеннен кейін төлейтіндей етіп келіскен дұрыс. Қонақтар келмей жатып той залын сіз келіскендей жасады ма бір тексеріп алыңыз.

Тойларыңыз жақсы өтуіне тілектесіз!

1 пікір

Пікір қосу