Той кортежін жалдау

1
1111
той картежін жалдау

Той кортежін ұйымдастырған кезде, ең алдымен тойға қандай көлікпен баратыныңызды ойластырыңыз. Өйткені тойыңыздың сәнін келтіріп, салтанатын ашатын да сіз мінген көлік болмақ. Классикалық қара түсті сүліктей лимузинді таңдайсыз ба, әлде ашық түсті қайталанбас ретро мініп келесіз бе? Көлікті он ойланып, тоқсан толғанып таңдауыңыз керек, себебі той кортежі тойыңыздың визиткасы деуге де болады.

Көлік (не бірнеше көлік) таңдаған соң, көлік алып тұрған фирмаңыздан көлікті сәндеу туралы сұраңыз. Егер көлікті сәндеуге тағы қаражат талап етіп тұрса, көлікті өзіңіз-ақ сәндей алатыныңыз есіңізде болсын. Негізінен арнайы той көлігін жалға беретін орталықтарда өздері сәндеп қояды.

Фирмамен той көліктерінің келу уақыты мен мекенін нақтылап, ақылдасып алыңыз. Өмір күтпеген оқиғаларға толы ғой, сондықтан той күнінде не мекенінде өзгеріс бола қалған жағдайда, қосымша қанша төлеу керектігі туралы да келісіп қойыңыз.

АХАЖ-ға қай көлік баратынын, қаланы аралауға қанша уақыт кететінін алдын ала ойластырғаныңыз жөн. Дұрысы көлік жүретін жолды картаға сызып алыңыз. Жарты — бір сағаттай артық уақыт қалдырыңыз, себебі әлдебір жағдаймен кешігулеріңіз ғажап емес.

Егер маршрут қаланың сыртына жүретін болса, ол қызметтің той көлігін жалдауға төленетін ақшаның ішіне кіретін-кірмейтінін де біліп алыңыз. Қаланың сыртындағы жолдың жағдайына қарай, серуен бағасы да қомақты болуы мүмкін.той кортежі

Той кортежінде әр көліктің тізгінінде кім отыратынын да анықтаған дұрыс. Көлікті жалға алған жағдайда, көлік жүргізушісі де қызмет көрсету керек, ал көлікті таныс досыңыздан жалдаған болсаңыз, өзара келісіп алыңыз. Көлік жүргізуіне мін айтпайтын досыңызға көлік тізгінін сеніп тапсырған болсаңыз, арақ-шараптан дәм татпайтыны туралы да ескертіп қоярсыз… Өзге жағдайда, арнайы жүргізушілер жалдауға болады.

Той кортежі тек қымбат лимузин мен мерседестен ғана тұрмайтыны естеріңізге сала кетсек. Елден ерекшеленгіңіз келсе ретро көліктер, ат арба (карета), ат шана (тойыңыз қыста болса), үлкен көліктер, велосипед, трамвай, мотоцикл сияқты қалаған көліңізді таңдай беріңіз. Бастысы сіздердің көңілдеріңізден шықса болды.

Той кортежін жалдамай-ақ достарыңыздың көліктерімен де той қыдыруына шығуға болады. Бастысы көлік таза, уақытылы кешікпей келсе болды. Әрине, жаңа үлгідегі көліктер болса қатып кетеді. Тек, алдын — ала әр көлікке жететіндей етіп лента мен сәндеуіш гүлдер мен шарларды алып қойыңыз. Бастысы идеяңызға ерік беріңіз…

Келесіде той көліктерін сәндеу жайында жазатын боламыз.

1 пікір

  1. Той кортежін жалдамай-ақ достарыңыздың көліктерімен де той қыдыруына шығуға болады. Осы жері ұнады.

Пікір қосу