Той кәдесін кім біледі?

0
2326
Той кәдесін кім біледі?

Ұлтымызда той жетерлік. Бірақ кез келгеніміз тойда жасалатын кәде-жоралғыны біле бірмейміз.

Тойдың кәде-жораларына тойбастар, көрімдік, байғазы, сый, тойтарқар, айттық, мүше сұрау, сарқыт, байлау секілді жоралғыны жатқызуға болады.

Шашу. Ойын-тойда жасалатын ежелгі ғұрып. Ол қуаныш айғағы ретінде жасалады да, шашу ретінде құрт, кәмпит, күміс теңгелер шашылып, тойға қатысушылар «Бізде де осындай тойлар болсын» деген ырыммен жерден теріп алады, балаларына апарып береді. Шашуды әйелдер шашады.

Тойбастар. Бұл да дәстүр. Қазақтың қай тойы болмасын, «тойбастар» жырымен басталады. «Тойбастар»  айтқан адамға жақсы сыйлық беріледі.

Тәбәрік. Ойын – тойдағы бәйгеде, көкпар тартыста, айтыс, күресте біреу бәйгені жеңіп, үлкен сыйлық алса, немесе құдалық салт-дәстүрінде кәде келсе, оны жанындағыларға үлестіріп береді. Егерде бермесе, жұрт «сый-сияпат, бәйгеңнен бізге тәбәрік бер» деп сұрап алады. Әлгі адам тәбәрік бермесе, сараң аталады, дәстүрді сыйламаған адам болады.

Тойтарқар. «Тойбастармен» басталған қазақ тойы «тойтарқармен» аяқталады. Ол той бітіп, қонақтар аттанғаннан кейін үй иесінің асабадан бастап той жабдығын, тамағын әзірлеген, оның жақсы өтуіне ат салысқан адамдарды шақырып алып, қонақасы беруі, сый-сияпат жасауы, ақ алғысын білдіруі. Ағайын, туыстың тойды тартымды да тәрбиелік мәнде ұйымшылдықпен өткізуге қаншалықты белсенді түрде қатысқандығы осы тойтарқарда байқалады. Қазақтың тойтарқары да ән-жырмен аяқталады.

Сарқыт. Тойдан, айттан адамдар ырымдап кәмпит, құрт тәрізді дәмнен алып, үйлеріндегі балаларына әкеліп береді. Мұны «сарқыт» деп атайды. Сарқыт әкелетіндер көбінесе, ақ шашты әжелер мен аналар. Оны балалар, жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын бізге де берсін деп таласып жеп, ырым қылады. Содан сарқыт – ырымдық, тәрбиелік, дәстүрлік зор мәнге ие.

Қазақтың төрт тойы

Бұлар: наурыз мейрамы, қымызмұрындық, мизам (сабан той), соғым басы.

Наурыз мейрамы. Күн мен түн тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойланатын. Қазір 22 наурызда той үлкен салтанатпен басталып, бүкіл халықтың мейрамға ұласады. Наурыз мерекесінде жамағат бұлақтардың көзін ашып, тал егіп, игілікті жұмыстарды атқарады. Бұл дәстүр содан бері жалғасып келеді. Осы кезде мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңаруға көшетіндіктен, халық наурыз тойын «тепе-теңдік», «игілік», «жаңару» мейрамы деп те атайды.

Қымызмұрындық. Жаз тойы. Мамыр айынан бастап, маусым айына дейін жалғасады. Бұл кезде мал оттығып, биелер желіге байланады, қымыз жиналып, ағайын-жекжаттар бірін-бірі қымыз ішуге шақырады. Қымызмұрындық деп аталатын осы басқосуда Құран оқылады, мал сойылады, түрлі ойын-сауықтар, жарыстар өткізіледі, ол басқа тойларға барып жалғасады.

Мизам (Сабан той). Ол – күз айында диқандар мен бағбандардың құрметіне арнап өткізілетін той. Мұнда түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылады.

Соғым басы. Алғаш рет қар жауып, аяз түскенде ауыл адамдары соғымға сақтаған малдарын сойғанда басталады. Соғым басын жеуге ағайын бірін-бірі шақырып, қыстың ұзақ түнінде ақындар мен жыршылар терме, қисса, ертегі айтып, қонақтар қызыққа батады.

Ақпарат Сomode.kz сайтынан алынды.

Пікір жоқ

Пікір қосу