Сүндет той

0
5161
сүндет той

Сүндет – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Ата бабаларымыздан қалған сүндет дәстүрі негізінен мұсылман дінімен, ислам сенімімен байланыстырылады. Сүндет жайлы Құранда қандайда бір мағлұмат ұшыраспағанымен, көне араб әпсаналары мен хадистерде айтылған. Тарихи деректерде ер баланы сүндетке отырғызу салтының ислам дәуіріне дейін араб тайпаларының арасында кең тарағандығы баяндалады. Мұсылман дінінің пайда болуымен  сүндет діни мәнге ие болып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті саналған. Сүндеттеу үмбеті ретінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ісін қайталауға, яғни, сүннет амалын жасауға жатады.

сүндетке отырғызу

Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, Құран оқытылады.

Сондай-ақ, сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жол емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуіне де маңызы зор екені медицинада да дәлелденген. Сүндетке отыру адамның тән тазалығы мен жан тазалығы, тіпті болашақ отағасы үшін де, отанасы үшін де пайдалы өмір салты, қазіргі тілмен айшықтап айтқанда салауатты өмір салтының бір қыры екендігі айдан анық. Сүндеттелмегендерге қарағанда сүндеттелген ерлер қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады. Жыныстық жұқпалы ауру туғызу қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары.

Қазақта қалыптасқан дәстүр бойынша ер баланы бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Шариғатта дін мұсылман баласы, пайғамбар үмметі балиғат жасына жеткенше сүндеттелуі тиіс.

Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен «бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп тақпақ үйретеді, «сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың» деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден бойы үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді. Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең, әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндет көрпе» тігетін болған.

Оны бала жара толығымен жазылғанша киген. Дәрігерлердің айтуынша, сүндеттелген бала синтетикалық талшық қосылған киім кимегені дұрыс. Кейбір аймақтарда сүндеттелген баланың жататын төсек орнын да арнайы әзірлеп, әсемдеп безендіреді.

Сүндет тойын өткізетін сәтті күн алдын ала белгіленеді. Бұрындары сүндет тойға қонақтарды баланың өзі шақыратын болған. Бұл  баланың өзіне деген сенімін арттырып, ер жетіп, жігіт болғанын сезіндіретін тағы бір психологиялық әдіс болса керек. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» img_6098_0деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті, кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.

Сүндет тойында ауқатты адамдар ат шаптырып, көкпар тартқан. Қазіргі қала шарттарында сүндет тойды жағдайы бар адамдар жан- жақтағы жекжат-жақындардың басын қосып, мейрамханаларда атап өтеді. Тойдың ойын-сауық бағдарламасының басқа тойлардан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Қонақтарға жасалатын кәде-жоралғылар да әдеттегідей. Кей кездері тойды ертерек бастап, сүндеттелген баланың достарын, ағайын-туыстың балаларын да шақырады. Мұндайда ойын-сауыққа сиқыршы, клоун секілді балалар бағдарламасын да қосқанның артықтығы жоқ. Бала-шаға өзінше мәре сәре болып, сүндеттелген ұл құрбы-құрдастарымен ойнап, қызыққа кенеледі.

Сүндет той жайлы мына бір өлең жолдарынан -ақ қазақ үшін сүндет тойдың маңыздылығын көре аламыз:

Дос-жараңдар келіңіздер сүндет той,
Болмайды той күнде мұндай думан той.
Ер жігіт боп аттың жалын тартпақшы
Болсын тойым бар жиғанды жуған той.

Болып жатыр біздің үйде сүндет той,
Ер балаға азаматтық міндет қой.
Ел ісіне араласар ертеңгі ер,
Жауқазындай өрлей өсші гүлдеп бой.

Сүндет тойды салыпсың,
Ер жігіт боп қалыпсың.
Әкесіне мақтаулы,
Азамтсың, алыпсың.

Құрал-сайман сайлаймыз,
Шөтектің басын майлаймыз.
Мұсылман қып ұлымды,
Сүндет тойын тойлаймыз.

Ер жігіт бол ел сыйлар,
Еліңе керек жер жинар.
Адалдықты ту еткен,
Арамдыққа жан қинар.

Біссіміллә, деп кестім,
Ер жігіт болып өстің.
Азамат боп арқалы,
Басын баста көштің.

Мұсылман боп қалыпсың,
Керексіз затты алыпсың.
Қуатты болсын, сүндет той,
Қойынға ақша салыпсың.

Өтедің парызыңды мұсылмандық,
Емес бұл ұялғандық, қысылғандық.
О, Алла рахымыңа мың бір алғыс,
Жаратқан, бізді жерде мұсылманғып.

Енді, ұлым, аттың жалын тартып мінсін,
Арқалап елдің жүгін артып жүрсін.
Ерке ұл болмай елдің үлкен ұлы болсын,
Жақсы іске бастау болып шалқып күлсін.

Жаратқан, ұлды бердің, дара бердің,
Ендігі есі түзу сана бергің.
Сүндетке отырғыздық, тойлаудамыз,
Есті ұл, ер-азамат дана бергін.

Сүндеттелдің, мұсылмандық міндетіңмен,
Жүрші,ұлым, пайғамбар сүннетімен.
Ерлерге лайық жақсы істер жасап жүрші,
Пайғамбарым мақтанар үмметімен.

Сүндеттелдің 5-жаста,
Ендігі ойға ес таста.
Азамат бол арқалы,
Көсем болып, көш баста.

Сүндеттеліп, балақаным жатырсың,
Қорықпайтын ештеңеден батырсың.
Ер жігітке лайық ісің көбейсін,
Бақыт тілеп өмір таңын атырсын.

Пікір жоқ

Пікір қосу