Смокинг

1
1054

Күйеу жігіттің той киімі қалыңдықтың той көйлегін таңдау ісі сияқты аса жауапты жұмыс. Егер тойға келген қонақтардың көзін сүріндіретін қалыңдық тойдың ханшайымы болса, күйеу жігіт оған рух беріп, шабыт үстеуші. Сондықтан күйеу жігіт өз ханшайымына лайықты бола алатындай киінуі керек. Ер адамның басты киімі – сөзсіз смокинг.

Смокинг –  төсі ашық, жібекпен көмкерілген ұзын өңірлі, лампасты шалбары бар қара түсті кешкі кербез костюм. Смокингтің үсті де, асты да бір материалдан жасалады. Англияда оны dinner jacket (түскі пиджак), ал Америкада tuxedo деп атайды.

Смокингтің өлмес классикаға жататынына қарамастан, оның пішімінде біраз өзгерістер бары белгілі.

Барлық смокингтер бірдей емес. Оның қабыспайтын өңірлі, екі жағы бірдей қаусырмалы, лацканның сүйір қыры көлденең не тіке, ағылшын жағалы не шалька-жағалы деген түрлері бар. Сондай-ақ, смокингтердің тиек сандары 1-ден 6-ға дейін болуына байланысты да бөлінеді.

Осылардың ішінен күйеу жігіттің бет-әлпеті мен мүсініне лайық келетін және әлбетте қалыңдық көйлегімен жарасатын смокингті таңдау керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, смокинг өлмес классика болып табылса да, уақыт өткен сайын оның түсі, пішімі жаңа сән үлгісіне сәйкес өзгере түсуде. Мысалы, соңғы кездері күңгірт көк түсті, күңгірт сұр түсті, піл сүйегі түсті, тіпті ақ түсті (бұл түрі қатты ыстық кезде, той рәсімі ашық аспан астында өткен жағдайда қолданылады) смокингтерді кию кең таралып жүр.

Смокинг кию іскерлік костюмдерді қайталамас үшін, олардан өзгешелену мақсатында ойлап табылған. Бұл киімді дұрыс кие білу үшін арқаңыз тіке, төсіңіз шығыңқы болуы керек. Өйткені бұл киімде патшалар мен ақсүйектер дәстүрі жатыр. Сондай-ақ смокингтің күрделілігін де естен шығармаңыз. Заманауи смокингті жібек атласты лацканды пиджак, қардай ақ іш көйлек, жібек көбелекше, төс қалтадағы орамал, кең мата белбеу (немесе қысқа жилет), қара шұлық, былғары туфлимен кию керек.

 

1 пікір

Пікір қосу