Шашқа тағылатын сәндік бұйымдар

0
3743

Қазақтар адамның шашын кез келген жерге тастамайды. Олар әйел шашының ұшында тіршіліктің күші бар деп есептейді. Осы наным — сенімге сәйкес қыздардың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп қояды. Оның ұшына шолпы, шашбау байлайды.

шашбауШашбау – сәндік бұйым. Өрілген бұрымның ұшын бекітеді. Ол күміс  тиын, маржан қадалған  бауы бар күйінде кездеседі. Шашбауды күмістен қақтап жасайды, оған  түрлі-түсті асыл тастарды орнатады, моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы бауы бар түрлері жиі тараған. Ол жасалған материалына байланысты алтын шашбау, күміс шашбау, тілла шашбау деп аталады. Бұрындары қазақтар «шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады», — деп иланған.

шолпыШолпы – күміс немесе алтын тиындар қадалған шашбау. Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Шолпыны қыздар мен жас келіншектер тағады. Шолпының түрлері: үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, тағы сол сияқты. Жас қыздар үшін кішкене күміс қоңыраушаларды  үзбелеп те шолпы жасайды. Оның сыңғырлаған үні әдемі жарасып тұрады. Шолпы бойжеткеннің бойында ойлылық, зерделілік, биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады.

Шаштеңге – күміс, алтын тиындарды тізбелеп жасаған шолпының бір түрі.шаштеңге Шаштеңгені қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін тағып қояды. Өйткені, кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан — жағындағыларға «хабарлап» тұрады.

Шашқап – шашты, бұрымды шаң — тозаңнан, күн көзінен қорғайтын бұйым. Қыз — келіншектер үй шаруасымен айналысқанда оны киіп алатын болған. Шашқапты мақпал, шұға, барқыт, мауыты тәрізді көк, қызыл, қара түсті әсем маталардан тігеді, бұрымның жуандығына қарай жасайды, кестеленіп әсемделеді, оған маржан, меруерт, моншақ та тағады, күміс шеттіктермен де әшекейлейді.

Пікір жоқ

Пікір қосу