Сәттібай Жүнісов. Беташар

0
1671
Мадина Садуақасова ана атанды

Беташар — ықылым замандардан келе жатқан халқымыздың тамаша дәстүрі. Ұлан-байтақ өлкеміздің әр қиырында беташар ғұрпы өзіндік ерекшеліктермен атқарылатыны және бар. Негізінен дәстүрлі беташар жеті-сегіз буынды жыр түрінде айтылатын болған. Десек те, небір ұланасыр үйлену тойларында, ақындардың жаңаша сипаттағы беташарларының куәсі болып жүрміз.

Сондай беташардың бірін назарларыңызға ұсынамыз.

Сәттібай Жүнісов

Жүнісов Сәттібай Темірғалиұлы, 1981 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы,  Ескене ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетін тәмәмдаған. Гуманитарлық  ғылымдар магистрі.

Облыстық және республикалық ақындар айтысы мен облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Қарағанды өңіріндегі айтулы асабалардың бірі.

Беташар

Шырылдап бозторғайы ала таңнан,

Манаурап оянады дала таңнан.

Мен — бозторғай, егер ел – дала болса,

Гүлдеріне әуезім дара тамған.

Бүгінгі қуанышты жырлайыншы,

Үнімді әрі асырып Алатаудан.

Ағайын, құтты ордаңа келін келді,

Өмір келді басталар ақ отаудан.

 

Осы әулеттен тараған текті ұрпақтың,

Қызы сұлу, ұлдары ер атанған.

Ерлан, сенде ақыл мен парасат бар,

Ағыбайдай қап кеткен нар атаңнан.

Келін, сен де дәл таптың айдыныңды,

Аққудың көгілдірі ең дара талғам.

Осындай жарасымды жұбайларды,

Елім, сенде түсірме алақаннан!

 

Ақ пейіл, жарқын құшақ жайылды да,

Көңілдер көкке қарай бой ұрды ма.

Айдыныңа қос аққу қонды келіп,

Ел жұртым аялауға дайын мына.

Жүректер тұр бақыттан жарылғалы,

Зор қуаныш кернейді бойыңды да.

Ал қалқам, сен бір елге келін болдың,

Түзеп ұста бойыңды, ойыңды да.

Ал, сезімнің селкеусіз сәттеріне,

Ай мен жұлдыз, аспан мен қайың куә.

Маңайың ниеттес пен тілектестер,

Ағайын, құтты болсын тойың мына!

 

Әр қазақ мақтанады тегіменен,

Тауарих сыр шертеді шежіремен.

Ел едік қызы кербез, ұлы сырбаз.

Екеуіңе ел жұрттың сенімі ерен.

Боз ордаға келін боп түстің қалқам,

Бозтуған анамыздың жолыменен,

Ендеше ізетпенен амандасқын,

Бұл жақтын аяулы, асыл еліменен.

 

Біздерге бүгінгі күн мақтан шығар,

Сырғанап жанарлардан пәк тамшылар.

«Ордалы елге құт болсын құлыным»,- деп,

Ата-анасы әлпештеп баққан шынар.

«Соңымдағы ұрпағым толысты»,- деп,

Әруақтар да бір аунап жатқан шығар.

Келінжан, әруақтарға құрмет білдір,

Жастардың жарастығын хақтан сұрар.

 

Оянған көкірегінде жаз дүр етіп,

Ізгілік, қасиетін ел білетін,

Бұл жақта Жұмекеңдей қайын атаң бар,

Жүретін жақсылықты тағылым етіп.

Келінжан, асқар таудай қайын атаңа,

Сәлем сал, басыңды иіп тағзым етіп!

 

Ғұмырын ұзақ қылғай күн, айыңның,

Шалмасын қос аққудың шырайын мұң.

Шолпандайын анамыз елжіреп тұр,

Бұл дағы бергені деп, Құдайымның.

Қызым деп иіскейтін маңдайыңнан,

Сәлем сал, анасына жұбайыңның!

 

Келінжан сыйлы болғын айналаңа,

Қадірлі бол халқыңа, қайманаңа.

Жарыңның арқа сүйер жанашыры,

Сәлем сал, қадірі зор қайынағаңа!

Өтеуі өткен күннің өтелгендей,

Ағайын көп қарсы алар бөтен көрмей.

Қайын апаң бар аялар туғаныңдай,

Ақ ниеті ақ жол боп төселгендей.

Қайын сіңлі бар және қайындарың,

Сырласып, қалжыңдасар мекерленбей.

Баршасына бергейсің дұғай сәлем,

Иіліп жерден жібек көтергендей.

 

Махаббат құрбаны боп қараулықтың,

Ғұмыры ерте үзілді-ау сан албырттың.

Төлеген мен Жібектей бол дер едім,

Олар болған құрбаны арамдықтың.

Қозы менен Баяндай бол дер едім,

Болған олар құрбаны сараңдықтың.

Одан да Ерлан менен Әсем болып,

Туын биік ұстаңдар адалдықтың.

 

Бір елдің келін қылып, қызын алтын,

Дәл бүгін, думандатып, қызынар күн.

Намысыңның болсыншы қорғаушысы,

Абасының салатын жүзік алтын.

Сәттібай бет ашқанда тебірентіп,

Бұлт түріліп, аспанда сызылар күн.

Ағайын, келініңнің бетін аштым,

Болсын деп ғұмыр бақи жүзі жарқын!

 

* Кісі аттары шартты түрде алынды.

Пікір жоқ

Пікір қосу