«Өлтірі» мен «Той малы»

0
2447

Өлтірі (дәстүр). Отау құратын жастардың екі жақ келісімі нығайған соң, күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп өлтірі кәделі мал жылқы жіберіледі. Өлтірі деген «Өлі мен тірі арасында адалмыз, Құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызды жол-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. Өлтірі «өткен соң өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін қалыңдығына ұрын баруына жол ашылады.

Той малы (дәстүр). «100 жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр-салты бойынша сән-салтанатымен, жөн-жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде-жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі – осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шай да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса, қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел, әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

Сейіт Кенжахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабынан.

Пікір жоқ

Пікір қосу