Қолға тағылатын зергерлік әшекейлер

1
3903
БІЛЕЗІК

Білезік — қазақ әйелдеріне арналған ең көп таралған әшекейдің бірі.

Өйткені, оны қыз-келіншек-тер де, орта жастағы әйелдер де, қарт әжелер де білегіне салады. Білезікті күмістен де, таза алтыннан да жасайды. Бір қызығы, тек  күмістен соғылған білезіктің өзі қазақ елінің әр өңірінде әрқилы. Осы өзгешіліктер білезіктің жасалу, әшекейлену тәсілінен де, көлемі мен мүсінінен де айқын аңғарылып тұрады: Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс өңірлерінде білезіктер жұмырланып және төрт қырланып соғылады, солтүтсік, орталық Қазақстанда білезіктер күмістен жұқартыла жасалады, оңтүстікте құйма сом  білезіктер, батыс пен оңтүстік – шығыста өте көлемді, сырты алтынмен буланған көзді білезіктер кең  тараған.

Түр-тұлғасы мен жасалған материалына байланысты білезіктің түрлері бар: алтын білезік, күміс  білезік, сом білезік, сағат білезік, құйма білезік, бұрама білезік, топсалы білезік, қос білезік, жұмыр білезік, бес  білезік деп аталады.

Бес білезік -саусақтарға тағылатын жүзіктердің білезікпен қоса жасалғаны. бес білезік

Жүзік – таза күміс, алтыннан шеңбері жасалып, үстіне асыл тастан көз салынатын зергерлік бұйым. Жасалуы сақинадан күрделі. Жүзіктің мынандай түрлері бар: құдағи жүзік, құстұмсық жүзік, күмбезді жүзік, шытырмалы жүзік, алтын жүзік, күміс жүзік, үміс жүзік, мөрлі жүзік, адай жүзік, отау жүзік.

Отау жүзік – қалыңдықтың саусағына кигізетін,отау пішімді, үсті конус болып жасалатын, әйелдің күйеуінің ұрпағын жалғастырушы екендігін білдіріп тұратын сәндік бұйым.

Құдағи жүзік — өте көлемді және аса сәнді жүзік. Бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Беті көлемді. Асыл тас орнатып, алтындап әсемделеді. Оны ұзатылған қыздың енесіне, яғни құдағиларына бір жылдан соң тарту ету үшін жасатады. Құдағи жүзікті жаңа түскен келініне шын мәнінде аналық мейірімін төге білген парасатты құдағиға ғана арнайы жасатып, сыйға тартады. Оны иемдену – үлкен құрмет. Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы екі саусағына кигізеді, ол төрт саусақтың сыртын жауып тұрады.

Балдақ – жүзіктің көзі жоқ бірыңғай түрі. Оның ешқандай әшекейі жоқ, ол алтыннан, күмістен сомдап соғылады.

Сақина – саусаққа салынатын зергерлік сәнді бұйым. Жүзіктен гөрі бауыры жалпақтау болып келеді, көбінесе бетіне тас қондырылмайды. Қазақ халқы жасалған дәм адал болуы үшін әйелдің қолында күміс сақинаның, асыл жүзіктің болғанын қалайды. Бұл ертеден келе жатқан наным-сенім. Сол себепті тілімізде: «Сақинаны сәнге салмайды, ол — тазалыққа таразы»,- деген қанатты сөз бар. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу арқылы өрнектер салынады.

1 пікір

  1. «Жүзiк» сөзiн диалект деп ойлаушы ем — сақинадан бөлек бұйым екен ғой! Ендi бiлiп жүрем…

Пікір қосу