Менің енем…

Қазақта ене мен келіннің арасындағы қарым қатынас ерекше. Кейбір енелер өз келіндерін «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстауым керек» десе, енді бір енелер келіндерінің қыздары сияқты қарап, білмегенін үйретіп, түсінбегендерін түсіндіріп, ылғи да арқасынан қағып, маңдайынан сипап отырады. Кейбір енелер өздерінің жас келін болып түскен шақтарын мүлде ұмытады да, егделеу тартқан кезінде шалдарына өткізген үстемдігі былай тұрсын, келіндеріне де дүрсе қоя беріп, мінез көрсетеді. Бүгін біз сіздерге фейсбук әлеуметтік желісін қолданатын қазақ келіндерінің «Менің енем осындай жан» деген тақырыпта алынған сауалнамадағы жауаптарын ұсынып отырмыз:

Анса Мустафа, Қазақфильмнің суретші-дизайнері, Ақ босаға газетінің суретшісі

Ене деген негізі үлкен тақырып қой бітпейтін. Кім ол ене деген? Ол- біріншіден ана, сенің
жолдасыңның анасы, оны әрқашан құрметтеу керек. Ене әр-түрлі болады, адамдар әр-түрліғой, жас кезінде өмірін ойын-сауықпен өткізіп, балдардың қалай өскенін байқамай, ене болуға дайын еместер қаншама. Әйелдер соңғы кезде тіптен жасарғысы келіп тұрады, баяғыда 50 дегі адам өте кәрі әже болып көрінетін, қазір басқаша, 30 дағылармен жарысып, беттерін тарттырып, шауып жүреді. Мен әрқашан жас қыздарға айтамын, «Енең — анаң емес» деп, ене ол ене, ене деген бөлек аты бар, әтпесе неге оны да ана деп айтпаған атам қазақ. Ол кісіге тым ағыңнан жарылмау керек, бәрібір баласы жақын, соның жағында болады деп, мүмкін менікі қате болар. Кейбір енелер инстинктімен өмір сүреді, кеше ғана жүгіріп гүлді жұлып өзіне әкеп жүрген баласы, сол гүлдерді басқа біреуге силап, назары ауғанды көтере алмайды, кейбіреулер өзіне енелері не істесе өштерін келіндерінен алып жатады. Біреулер қыздарындай қабылдайды, бірақ өте сирек. Менің енеме келер болсақ ол жақсы кісі, тамақты жақсы пісіреді. Келін болғаныма 11 жыл болып қалыпты. Бірақ өкінішке орай ол кісі Алматыда тұрады, ал біз атамызбен бірге Астанада тұрамыз. Келесі жолы ата туралы сұрасаңыздар қызықтың көкесін сонда айтып берермін.

Әсел Асқарқызы, журналист

Қатал адам, талай рет жылатты сонда да көндік қой. Сол қаталдықтың да арқасында адам болдым деп айта аламын. Өйткені, 17 жастағы, мектепті енді ғана бітірген қыздың қолынан не келуші еді?

Таза қазақ ортасында өсіп, Аягөз қаласынан Павлодар облысының Ресеймен шектесіп жатқан орыстанып кеткен бір ауылына келін болып түстім. Ауыл адамдары ғана емес, үй іші де орысша тәрбиеленген, орысша сөйлейтін еді. Айт мерекесін де дұрыс түсінбейтін. Бірақ, жылап жүріп те жеңуге болады екен. Қазір енем екеуіміз құрбылар сияқтымыз. Оның ұлы мен менің ұлдарым тұрғанда, екі әйел қашанғы шекісе береді дейсіз? Төзім керек, уақыт бәрін де өз орнына қойып жатыр.

Атам марқұм жақсы адам еді. Ол қайтыс болған соң, үйдегі бар ауыр жұмыс менің арқама батты. Таңғы 5-те оянып малға шөп-су беріп, сиыр сауып, от жағып сосын мектепке жұмысыма барамын. Қайтып келсем, үйдегілер әлі ұйықтап жатады. Ұлым кішкентай, күн суықта киімсіз далада қарсы алатын мені. Сол жылдары түні бойы жылап шығатынмын. Бір күні жолдасымның қызметін Астанаға ауыстырды. Ол кеткенде де қайынапам мен енемнің көңілін таба алмай, мен 3 ай қиналып-ақ жүрдім. Бірақ, енеме ешқашан қрсы шықпадым. Анамның айтқан ақылы көмектесті. Хабарласқан сайын, үлкен адаммен ұрыспа деп айтатын. Енем жетімдер үйінде өскен адам, құдды бір актриса сияқты. Бірде көл, бірде шөл. Ата-әже тәрбиесін көрмеген адам немерелеріне де салқын. Содан, кейін күйеуім келіп бізді Астанаға алып кетті, сөйтіп, 2007- жылдан бері осындамыз.

Камшат Тасболат,  «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің журналисі

Апам өте жақсы кісі. Ақкөңіл, балажан. Әйтеуір, баламыз бір нәрсені бүлдіріп жатса, апамыздың алдында қызымызға ұрса да алмаймыз. «Менің қызымда шаруаларың болмасын, қажет болса өз балаларыңды туып алыңдар«,- дейді әзілдеп. Содан болар, қызымыз өте ерке. Апасының алдында әсіресе қатты еркелеп кетеді.

Апамның үйретері де көп боп жатыр. Ол кісіні сыйлаймыз. Қонаққа келгенінде, жанымызда ұзағырақ болғанын қалаймыз. Ауылға кеткенінде, қимай шығарып саламыз. Үйде үлкен кісінің болғаны жақсы ғой. Өзім де ата-әженің қолында өскен соң ба, үлкен кісілерге деген ілтипатым ерекше. Үлкен кісі үйде болса, береке де, несібе де көп болады. Сондықтан, қоғамымызда осы ата-әже институтын сақтап қалу керекпіз деп ойлаймын. Анам да әр хабарласқанында: «Апаңды сыйлай бер!» деп ақылын айтып отырады. Қызымыз екі әжесін де жақсы көреді. Әже тәрбиесін көрген бала өте мейірімді, жақсы азамат болады дегенге сенімім кәміл.

Аринова Сания, «Массагет.кз» сайтының контент-менеджері

«Менің енем» деген тіркеске әлі үйрене алар емеспін. Енеммен жақын танысып үлгермесем де, оның керемет жан екендігінде күмәнім жоқ. Жалпы енелерімен қырылып ұрсысатын қыздарды түсінбеймін. Бұл кісі сенің өмірлік жарың, жолдасыңды туып-баққан, тәрбиелеген адам ғой. Ол қалайша жаман бола алады? «Сен әлі жассың, әлі де көкеңді танытады!» дейтін боларсыздар, бірақ мен ол кісімен қарым-қатынасым жақсы боларына сенемін. Ал жалпы менің енем жас, заманауи, өзім сияқты сөмкелер мен әшекей бұйымдарға қызығады екен. Ол басыма орамалды ырымы болсын да деп таққан емес. «Сендер бақытты болсаңдар, болды. Бұрын балама уайымдаушы едім, енді екеуіне уайымдайтын болдым» дейді. Анасыз өмір сүргенге үйреніп, енемнің арқасында соңғы 5 жылда бірінші рет «мама» дедім. Сол үшін- ақ енеме рахмет дегім келеді.

Сандуғаш Кенжебаева, продюсер, журналист

Шынымды айтсам, енем мен үшін екінші анам! Келін болып түскен күннен бастап өзінің мейірімімен, даналығымен баурап алды. Бүгінде үш келінін бөліп-жармай, туған анасындай болып отырған абзал жан! Ол кісі бізге ешқашан келін деп қарамаған, үнемі туған қызымен тең көріп аялап келеді. Сондықтан біз де ол кісіге «мама» деп иіліп тұрамыз. Мамамыз 40 жылдан астам ұстаздық еткен ұлағатты педагог. Сол себепті, өзінің балаларына да жақсы тәрбие бере білген. Енді бүгінде бар аналық мейірі мен махаббатын, мұғалімдік тәжірбиесін немерелеріне сарқып жүрген асыл әже!

Жоғарыдағы сұхбаттан түйген ойымыз, ене мен келін арасындағы тартыс барлық жанұяда орын алмайтындығы. Қанша тартыс болғанымен де, уақыт өте келе оның бәрі қалады. Бастысы сіз келіндік міндетіңізді жақсы өткеріп, шыдамдылық таныта біліңіз. Бір кездері сізді пысысын деп қатал болған ене уақыт өте келе сырыңызды айтар құрбыңызға, ақыл беретін ақылшыңызға тіпті балаларыңыздың «тәрбиешісіне» айналады. Ең бастысы енеңізді бірінші күннен ене емес, жарыңыздың анасы, өзіңіздің бір бөлшегіңіз ақылшыңыз деп қабыл алыңыз.

Оставьте комментарий