Қыз жолдас болу да өнер!

Қалыңдық атанған құрбыңыз өміріндегі ең маңызды сәтте жанында сізді көргісі келіп, қыз жолдас болуға ұсыныс жасап, үміт артты. Ұсынысын қуана қабыл алған сіз үшін бұл мәртебе екені анық. Мәртебеден бұрын — жауапкершілік. Себебі, той күні әдемі көйлек киіп, қалыңдық жанындағы сұлу қыз болып тұрудан бөлек біраз еңбекті талап ететіні анық.

Ең керемет қыз жолдас болу үшін не істеуім керек? Құрбымның сенімін қалай ақтасам болады? деп жүрген қыздар үшін келесі кеңестеріміз бар:

Біріншіден, құрбыңыз үшін той алдыңғы дайындық күндері өте ауыр болатынын ұмытпаңыз. Сол себеп, қалыңдықтың кей бір еркеліктері мен қыңыр мінезін көтеруге дайын болыңыз

Екіншіден, той алдындағы дайындығын сұрап, қандай көмек керек екенін анықтап алыңыз. Бұл жайлы тойға бір күн қалғанда емес, сізге қыз жолдас болу туралы ұсыныс түскен күнде сұрастырсаңыз жақсы.

Үшіншіден,  кейбір майда-шүйделер үшін жауапкершілікті мойныңызға артыңыз. Мәселен, сұлулық салонына жазылу, мэйк ап мастер тауып қою, полиграфиядан шақыру қағаздарын алып келу және т.с.с.

Төртіншіден, той алдын бір-екі күн бұрын құрбыңыз үшін ең-ең қиын күндер болады. Жүйкесі тозып, кей заттарды ұмытып кетуі мүмкін. Сол себеп, қыздар үшін, қалыңдық үшін маңызды дүниелер: той букеты, тойдағы торт, асаба, той залының әшекейленуі, видео және фото, той көйлегі, аяқ киім, сұлулық салоны жайлы мәліметтерді біліп беруге ат салысыңыз. Бәрі де сақадай сай болуы шарт.

Бесіншіден, той күні қалыңдықтың жанында таң атпастан бірге боларыңыз белгілі. Сол күнгі жүгірісті жеңілдету үшін, таңертеңгі әрекеттердің тізімін жасап қойыңыз. Алдымен шаш үлгісі, сосын мэйк ап, кейін маникюр және т.с.с

Алтыншыдан, қыз жолдас той күні қалыңдықтың оң қолы, мэйк ап мастері, сырласы мен бет орамалын ұстаушы, шаштаразы мен жеке стилисті және т.с.с. «мамандық» иесі. Айтпақшы, бұл тізімге психологты да қосып қойыңыз.

Жетіншіден, алтыншы тармаққа сай қыз жолдастың қобдишасында ине мен жіптен бастап дәрі-дәрмек те жүру керек. Ашып жазсақ:

  • ине мен жіп (қалыңдық көйлегі түстес)
  • сүрме, далап, опа (ұнтақ), артық май сіңіретін сүлгіше
  • бет орамал
  • пластырь (жаңа аяқ киім аяқты қажайтыны бар)
  • валерьянка немесе басқа тыныштандыратын дәрі
  • дымқыл сүлгіше
  • шашқа ілетін шпилька
  • жалбыз дәмді сағыз
  • шағын айна мен тарақ
  • артық капрон шұлық
  • және т.с.с.

Сегізіншіден, құрбыңызды мақтап, жақтап, әлемдегі ең сұлу қыз екенін айтып отырудың ұмытпаңыз. Айтпақшы, қалыңдық боламын деп тамақтануды ұмытып кететіні бар кей қыздардың, сол үшін құрбы қыздан «қарның аш па?», «су ішесің бе?» , «бір нәрсе керек пе?» деген қарапайым ғана сұрақтар қойыңыз.

Әлемдегі ең керемет қыз жолдас болып, құрбыңыздың қуанышына шын мәнінде ортақтасуыңызды тілейміз!

Оставьте комментарий