ЕРТЕҢ – СЕНБІ…

2
3879

Ертең – сенбі… 
Өмір өтіп барады, 
Осы аптада бітіргенім шамалы! 
Осы аптада бітірем деп жүргенде, 
О, әкеңнің… сенбі келіп қалады…
Ертең – сенбі… 
Ертең тағы − демалыс, 
Көңілімді кері итерер кері ағыс, 
Бір аптаға, жоқ, бір айға жоғалып,
Елге кетіп қалсам ба екен ең алыс?!
Ертең – сенбі…
Түсінбедім, не бұным?
Екі күн + той, бес күн + жұмыс = Өмірім?!
Тойға барып қарным тойып келсе де,
Неге менің аш қайтады көңілім?!
Ертең – сенбі…
Қайдан ұқсын басқалар?!
Ішу-құсу, жылау-сықтау басталар:
Күйеулері маймыл құсап мас болар,
Әйелдердің әжіміне жас толар…
Ертең – сенбі…
Түсініксіз не екені?!
Оқу керек М.Тәтімов көкені!
Сенбі күні неге жігіт азайып,
Көшелерде қыз көбейіп кетеді?!
Ертең – сенбі…
Әуелейді әніміз,
Дайын тұрар дастарханда дәміңіз.
Сенбі күні қуанамыз бәріміз,
Сенбі күні мұңаяды кәрі қыз…
Ертең – сенбі…
Шыр айналып қаланы,
Біреу – теңге, біреу – жеңге табады.
Үйленетін жігіттей боп киініп,
Тамадалар тойға кетіп барады…
Ертең – сенбі…
Оттай жанып жанары,
О, қаншама қыздың бағы жанады?!
Бір бойжеткен неке жүзік таққанда,
Жүз бойжеткен үміттеніп қалады.
Ертең – сенбі…
Бүгін ─ жұма, Құдайым,
Жүрегімді жайып… дұға қылайын:
Адасқандар арманына қосылып,
Бірін-бірі бақытты етсін, ылайым!
Ертең – сенбі…
Өте шығар күн қысқа,
Қызмет қуып, қызық қуып, тырмыспа!
…Ертең − сенбі,
Ертең − сенбі, қарындас,
Ал сен әлі шыққан жоқсың тұрмысқа…
Ертең – сенбі,
Өмір өтіп барады, ай…
Авторы:  Алмас ТЕМІРБАЙ

2 Пікір

Пікір қосу