Баскиімге тағылатын әшекейлер

0
2209
Баскиімге тағылатын әшекейлер

Әйелдердің баскиімі:

1. Әйелдің жас ерекшелігін, отбасындағы жағдайын, тіршілік ету аймағын білдіреді.

2. Эстетикалық сән-салтанат береді.

3. Діни — салттық күш-қуатқа толы. Әдет-ғұрып бойынша әр бас киім айрықша мән-маңызға ие.

Үйлену тойындағы сәукеле бойжеткеннің қалыңдық болғанын білдірсе, орамал келіншек болғанын білдіреді.

Сәукеле. Ол әйел әшекейінің ең қымбаты. Ұзатылатын қыз үйінен киіп шығатын бұл бас киім негізінен, ақ киізден конус тәріздісәукеле жасалып, сырты қызыл шұға немесе қамқамен тысталады да, алтыннан, күмістен, әр түрлі асыл тастардан жасалынған әсем әшекейлер тағылады, құндызбен жиектеледі. Мұндай әшекейлер неғұрлым көп болса, сәукеле де солғұрлым бағалы.

Қымбат сәукеленің арнайы күмістен жасалған төбелдірігі, маңдайына тағатын асыл тасты күміс әшекей – маңдайшасы, сәукеле қозасы (шар тәрізді металл әшекей) – шытақ, екі жағында тізілген маржан салпыншақтары, төбесінде жібек желегі (бергек) болады. Сәукелеге көз моншақ, үкі-аяқ, жыланбас тәрізді толып жатқан әшекейлер тағылады.  Былқылдақ — әйел баскиіміндегі үлкен моншақ, маржан. Есектас – қырнап жасалған көк тас. Жас балаға көз тимесін деп қадап қояды.
Жырға – сәукеленің моншағы, шұбыртпасы, салпыншағы.

Қозалы үкі – қыздардың бөркіне тағатын үкі қауырсынына оралған әшекей зат.Үкіаяқ – жоғары жағына асыл тас орнатып, төменгі жағын күміспен күптеп баскиімге тағып қояды. Оны бесікке де байлайды. Шеттік – кимешектің жағына қадалған күміс.

Шоқ – баскиімге тағылатын алтын әшекей, асыл тас. Оның бұрама шоқ, үкілі шоқ деген түрлері бар. Шырмауық – металдан жасалған ілгекті оқа, әшекей. Шытыра – баскиімге, омырауға, аяқ киімге қадайтын күміс әшекей.

Пікір жоқ

Пікір қосу