Бала туылғанда алдымен қандай құжат керек?

0
2824

      «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деуші еді ата бабаларымыз. Қазіргі уақытта бір күнде бірнеше бала дүние есігін ашып, отбасына шаттық сыйлауда. Еліміздің демографиясы өсуде. Еліміздің, ұлтымыздың, өміріміздің жалғасы – бала! Дүние есігін ашқан баланың алғашқы құжатын қалай дайындаймыз?

       Жаңа босанған әйелдер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, біріншіден, баласына туу туралы куәлік алады. Екіншіден, баласын тұрғылықты мекенжайына тіркеуге қояды. Үшіншіден, баланың тууына бір реттік жәрдемақы алуға өтініш береді. Төртіншіден, баланы мектепке дейінгі ұйымға кезекке қоюға мүмкіндігі бар.

Нақтырақ айтсақ, әйелді ауруханадан шығарған кезде оған баланың туу туралы куәлігі беріледі. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы ҚР Кодексінің 187 бабына сәйкес бала тууды тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік негіз болып табылады. Баланы туу туралы медициналық куәлікте баланың анасы туралы барлық қажетті деректер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) сондай-ақ баланың туылған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі. Куәлікке лауазымды тұлға қол қоюы және медицаиналық ұйымның мөрімен куәландыруы тиіс.

    Ауруханадан шығарғаннан кейін 2 айдың ішінде баланың тууын тіркеу қажет. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы ҚР Кодексінің 188 бабына сәйкес баланың тууын кез келген АХАЖ-да немесе ХҚКО –да тіркеуге болады. АХАЖ бен ХҚКО-ны баланың тууы бойынша немесе ата-аналарының тіркелген жері бойынша таңдауға болады. Баланы мемлекеттік тіркеу мерзімі – екі жұмыс күні.

     Екінші процесс — баланы тұрғылықты мекенжайға тіркеу. Ата-анасының біреуінің тіркелген мекенжайына тіркеуге құқығы бар. Ол үшін: жеке куәлік, туу туралы куәлік және ата-анасының біреуінің мекенжай анықтамасы қажет.

     Одан кейін баланың тууына бір реттік жәрдемақы алуға өтініш беруге болады. Ол үшін ХҚКО-на: баланың/балалардың туу туралы куәлігі немесе туу туралы акті жазбасының көшірмелерін, қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжатты, отбасының тұратын жерін растайтын құжатты (мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе селолық округ әкімінің анықтамасы), отбасының құрамы туралы белгіленген үлгідегі мәліметтер, ұл (қыз) асырап алушылар тиісті органның ұл (қыз) асырап алу немесе балаға қорғаншыны белгілеу туралы шешімінен үзінді жазба ұсынылу қажет.

    Төртіншіден, баланы мектепке дейінгі ұйымға кезекке қою. Ол үшін, белгіленген үлгідегі өтініш, ата-аналарының біреуінің немесе заңды өкілдерінің жеке басын куәландыратын құжат,баланың туу туралы куәлігі, жеңілдікті растайтын құжат (бар болған кезде мектепке дейінгі балалар ұйымына бірінші кезекте жіберіледі) қажет.

Сондай – ақ, бұл қызметтерді электрондық үкімет порталы egov.kz сайтынан алуға болады. Қысқаша тоқталып өтейін.

Баланың тууын тіркеуге өтініш беру

  1. Порталда авторлану және «Қызметті онлайн алу» батырмасы бойынша өту. 2. Өтінімді толтыру және ЭЦҚ қол қою (электрондық цифрлық қолтаңбамен). 3. Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» тарауында) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін, баланың ЖСН көрсетілген туу туралы акті жазбасын тіркеу туралы хабарламамен танысу. Хабарлама 2 жұмыс күні ішінде келіп түседі.

Бала тууға жәрдемақы тағайындау

  1. Порталда авторлану және «Қызметті онлайн алу» батырмасы бойынша өту. 2. Өтінімді толтыру және ЭЦҚ қол қою (электрондық цифрлық қолтаңбамен). Өтінімде әкесінің немесе шешесінің ЖСН, баланың ЖСН және Қазпочтада, «Халық Банкі» АҚ-нда немесе «Қазкоммерцбанк» АҚ-нда ашылған жеке есепшоттың нөмірін (IBAN) мәліметтерді көрсету. 3. Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» тарауында) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін бала тууға жәрдемақы тағайындау туралы хабарламамен танысу. Хабарлама 7 жұмыс күні ішінде келіп түседі.

Баланың мектепке дейінгі ұйымға кезекке қою

  1. Порталда авторлану және «Қызметті онлайн алу» батырмасы бойынша өту. 2. Өтінімді толтыру және жіберу (ЭЦҚ талап етілмейді). Оған мектепке дейінгі балалар ұйымына, түзету (санаторлық) мектепке дейінгі ұйымдарға және мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған топтарға бірінші кезекті жіберуге жеңілдіктердің болуын растайтын құжаттардың скан көшірмелері қоса беріледі. 3. Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» тарауында өңделген анықтамамен танысу. Хабарлама 7 жұмыс күні ішінде келіп түседі.

Электрондық үкімет порталы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 1414 Call-орталығына тегін қоңырау шалуға болады.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы»

Қызылорда қаласының №1 бөлімінің реттеу залы басшысы

Г.Рахметова

Пікір жоқ

Пікір қосу