Аушадияр

Үйлену кезінде жырланатын дәстүрлі жоралғы өлеңнің бірі аушадияр. Аушадияр мазмұны жағынан болсын, түрі жағынан болсын басқа салт өлеңдеріне жар -жарға да, сыңсуға да, тойбастарға да ұқсамайды. Ол түрі жағынан балалар фальклорындағы санамаққа келіңкірейді, мазмұны жағынан қара өлеңге үндеседі.

Айтылмаш жыр үлгісі ұзақ уақыт елеусіз күйде келіп ХХ ғасырдың  80жылдары  баспа беттерінен көріне бастады. Жырдың  хатқа түскен нұсқалары да жұртшылыққа беймәлім  болып келді. Осылайша  халық жадынан шығып, жоғалуға айналған әдемі жоралғымызды іздестіріп, сұрау салған жазушы Уахан Қыдырханов . Оның 1989жылдың қаңтарында «Қазақ әдебиет» газетінде жариялаған ой түрткі мақаласынан соң мерзімді баспасөз беттерінде көне құлақтар аузынан жазылып алынған бірнеше жыр үлгісі жарық көрді. Бір қызығы бұл аушадияр үлгілерін жіберушілер шетелдерде тұрып жатқан қазақ азаматтары.

Жазушының жинаған деректеріне қарағанда аушадияр екі кезде орындалады: бірі той үстінде, жоралғылардың бәрі аяқталып жұрт құлағы босансыған уақытта орындалса, енді бірі қалыңдық өз үйінен аттанар сәтте орындалады.

Жырға негізінен өмірдің мәні, тірліктің сәні хакында ой толғамдары, өнегелі өсиеттер, моралдық этикалық дидактикалық тұжырымдар арқау болады.

Аушадиярдың бізге жеткен нұсқаларынан үзінді келтірсек:

Аушадияр- бірі болар,

Жаманның көңілі кір болар.

Ата- анасын сыйлаған,

Ақ шалмалы би болар.

Аушадияр -екі дер,

Ержеткеннің екі дер .

Омырауы толған он  түйме,

Қыз баланың көркі дер.

Аушадияр -үш болар ,

Атан түйе күш болар.

Аушадияр -төрт болар,

Қыздың қойны өрт болар.

Аушадияр -бес болар,

Жақсы жарың ес болар.

Жаман жарға кез болсаң,

Қайғымен кеш болар – деп осылай он алты, жиырма, жиырма бес деп кете береді.

 

Тағы бір нұсқасынан үзінді келтірейік:

Аушадияр -бір дейді,

Ашса кілем кірлейді.

Ата анасын сылаған,

Ақ шалмалы пір дейді.

Аушадияр –екі дейді,

Қорасаң қалмақ кекілді.

Жаста қылған тәубеңіз

Тас жазудай бекиді

Аушадияр үш дейді ,

Кеңнен сарай піш дейді.

Аушадияр –төрт дейді,

Алла бір деу серт дейді.

Өтірік айтсаң, алдыңнан,

Шығады тамұқ өрт дейді…..

Аушадияр қазіргі таңда тойларда айтылмайды. Осы салтты кеңірек насихаттап, ұмыт болған аушадиярды жаңғырту кейінгі жастар қолында.

Оставьте комментарий