Қалыңдық талаптары

0
1978

қыз ұзату, той, қалыңдық, қызға тәрбие, қыз тәрбиелеу

Қазақ халқы қыздарына яғни болашақ қалыңдықтарға  морал, мұрат, адамгершілік, ар-намыс тәрбиесін егжей-тегжейлі жүргізумен бірге, қыздары есейіп, оң мен солын тани бастағанда, ұзатылар шағында оларға он түрлі талап қойып мынандай үш серік табу шарт деп қараған:

1. Сарқылмас ақыл-білім, мол үлгі-тағылым табу. Себебі, қыз балалардың дене қуаты мен жаратылысы біршама әлсіз әрі нәзік болатындықтан, қатты-қайырым істерге икемсіз келеді. Сондай кезде мол білім мен ақыл-айла, үлгі тағылымы мол болса, қандай да болсын істі ебін тауып жөнге салып, отбасын қуанышқа бөлеп, ел-жұртының сый-құрметі мен алқауына ие болады. «тәлімді ана, тәрбиелі келін» атанады.

2. Өшпейтін, өлмейтін өнер табу. Сондай-ақ, үй ұстап, бала тәрбиелеуді, тон пішіп, кесте тігуді, әр түрлә ас-тағам мен сусын әзірлеуді, қонақ қабылдап, мейман күтуді, т.б жетік меңгеру. Өнер мен іскерлік-әйел затының қадір-қасиетінің арттыратын бағалы байлық.

3. Жақсы жар табу. Жақсы жар-болашақ отбасының ұйытқысы, тату-тәтті отбасын құрып, бақыт-байлыққа қол жеткізіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің кілті. Сол себепті, қазақ қыздары жар таңдау ісіне ерекше көңіл бөлген. «Жар таңдауда жаза басқан қыз жазылмас дертке жолығады,басынан уайым-қайғы арылмайды» деп болашақ жар таңдау ісіне өскелең адамгершілік жауапкершілікпен қарауға дағдыландырылған әрі қыздарына мынадай он талап қойған:

1) Әдепті, ибалы болу.
2) Ар-ұжданы пәк болу.
3) Мейір-шапағатты болу
4) Кеңпейіл,кешірімді болу
5) Ақыл-парасатты болу
6) Сабыр-тақатты болу
7) Адал, ақжарқын болу
8) Моралды, мұратты болу
9) Өжет, батыл болу
10) Ұятты, намысты болу

Бұл тәрбие қыз балаларды мол өнер-ғылым үйренуге, адал, арлы, әдепті, ибалы, мейір-шапағатты, кеңпейіл, кешірімді, моралды, мұратты болуға дағдыландырады. Маххаббат пен некеге өскелең адамгершілік деңгейде қарауға баулиды. Пәктікке, адалдыққа, арлылыққа жетелейді.

Пікір жоқ

Пікір қосу