2014 жылға арналған қалыңдықтың шаш үлгісі

0
4745
Қалыңдық шаш үлгісі

Қалыңдық – тойдағы ең сұлу, ең бақытты және жұрт көп назар аударатын жан. Оның сұлулығының сыры қайда жатыр? Дұрыс таңдалған той көйлегі, әшекейі, макияжы және ең соңғысы – шаш үлгісі.

Шаш үлгісі – қалыңдықтың ажарын ашатын ең маңызды фактор болғандықтан, оны дұрыс таңдау қажет. Шаштың ұзындығы, ауа райы, көйлектің стилі туралы шашты жасамас бұрын стилиспен ақылдасып алу қажет.

2014 жылғы қалыңдықтың шаш үлгісінің тенденциясына мыналарды енгізуге болады:

• Қарапайымдылық пен табиғилық;

• Әртүрлі үлгідегі кекіл;

• Ассиметриялы форма;

• Өрілген шаштың әртүрлі нұсқалары;

• Жарасымды етіп түю;

• Ерекше, көзге бірден түсетін аксессуарлар.

Жайылған, бұйра шаш үлгісі

Қалыңдық шашын жайып, ұштарын бұйралап қойса, бұл романтикалық, биязы образ сыйлайды. Әрі әртүрлі бет формасына да келеді. 2014 жылдың сәнді трендінің бірі — шаштың көлемін үлкейтіп, 60 жылдардағы ретро стилін еске түсіретін жайылған шаш. Шашыңыз жұқа болса, стилистер әп сәтте-ақ шашыңыздың түбін көтеріп бере алады. Әдемі ету үшін гүлді шеңбермен (ободок), нәзік шаш қыстырғыштармен сәндеуіңізге болады.

Жаулық (фата) жамылған қалыңдықтың шашы

Жаулық – қалыңдықтың символы. Сонымен қатар, оның әшекейі. Егер өзіңіздің көз тартарлық сұлулығыңызды көрсеткіңіз келсе, жаулық  — тамаша таңдау болмақ. Шашты жаулықтың астынан да, үстінен де сәндеп жасауға болады. Жаулықты бекітетін бұйым жеңіл болғаны дұрыс, әйтпесе, той үстінде қолайсыздық тудыруы мүмкін.

Ретро стилі

Бірнеше онжылдыққа кері саяхаттағыңыз келе ме?  Бұл қиын емес, сән үнемі айналып келіп отырады және осынысымен де ерекше. «Салқын толқын» деген атпен танымал шаш үлгісі биылғы жылдың басты трендтерінің бірі. Қосымша ретінде қауырсынмен, әшекей тастармен сәндеуге болады.

Тегіс жиналған шаш

Шашты түйіп қою ешқашан сәннен қалған емес. Мұны жасау да көп уақытты қажет етпейді. Жаңа маусымда «француз твисті» деп аталатын шаш үлгісі аса танымал. Оны жасағанда шашты түйіп, кішкенесін бос қалдырып, бұйралап қояды. Мұндай шашты тірі гүлдер мен сәнді шаш қыстырғыштармен сәндеуге болады, әрі қарапайым, бірақ табиғи болып көрінеді.

Гүлді шеңбермен жасалатын шаш үлгісі

Қарапайымдылықты жаныңыз сүйсе, таңдаған көйлегіңіз де тым салтанатты болмаса, гүлден жасалған шеңбер тағып, шашыңыздың ұшын бұйралап қойсаңыз болады. Шеңберге жаулық жалғап қойса да әдемірек көрінбек.

Әртүрлі етіп өрілген шаш

Бұрын той қалыңдығының шашын өру онша сәнде болмаған. Бірақ қазір көптеген ару ұлттық нақыштағы көйлектер киіп, бастарына сәукеле киетін болғандықтан, өрілген шаштар сәнде десек, қате емес. Сонымен қатар, шашты әртүрлі етіп кестелеп өру де қонақтардың қызығушылығын оятып, қалыңдық назарда жүрері сөзсіз.

Кекілі бар аруларға арналған шаш үлгісі

Әр арудың кекілі түрлі формада болуы мүмкін: қиғаш немесе тік, қалың немесе жұқа, ұзын немесе қысқа, доғал, ассиметриялы деген сияқты. Кекіл жарасымды тұрса, қалыңдықтың бақытты кейпін жандандыра түседі.

Массагет.кз үшін арнайы дайындаған Назерке Смағұл

Пікір жоқ

Пікір қосу